Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару құрылымын реформалау жөніндегі жоспарды әзірлеуді тапсырды. Құжат 2027 жылғы 1 маусымға дейін дайын болуы керек, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Сонымен қатар Президент әкімшілігі жыл соңына дейін елдің ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындайтын құжат әзірлеуі тиіс. Бұл жұмыс Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, ғылыми орталықтармен және Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп жүргізіледі. Мемлекет басшысы құжатты дайындауға депутаттар да атсалыса алатынын айтты.
Тоқаев Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарауды тапсырды. Оның сөзінше, мемлекеттік аппараттың және әрбір қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру қажет. Басқару жүйесі цифрлық дәуірдің талабына сай болып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы керек.
Президент жасанды интеллектіні қайталанатын міндеттер мен басқару саласындағы қайшылықтарды жоюға қолдануды ұсынды. Сондай-ақ қағазбастылықты азайтып, шешім қабылдауды тежейтін артық рәсімдерден арылу қажеттігін атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар да қайта қаралмақ. Олар кәсіби білікті болып, Конституцияны басшылыққа алуы және елге адал қызмет етуі тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу ұсынылды.
«Әңгіме жекелеген өзгерістер туралы емес. Бізге шынайы реформа қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, Президент Жолдауында жол сапасын жақсарту және шекарадағы көлік кептелісін азайту мәселелеріне де тоқталған. Ол келесі жылы барлық автомобиль өткізу бекетін жаңғыртуды аяқтап, республикалық және жергілікті жолдардың сапасын арттыруды тапсырды.