Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, әскери реформаның негізгі бағыттарын айқындады, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық агенттігі.
Жиын Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мемлекет басшысы қаза болғандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
Президент қайғылы жағдайға қатаң баға беріп, оған офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп болғанын атап өтті. Сондай-ақ оқу-жаттығуды ұйымдастыру, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті жабдықтармен қамту мәселелерін жан-жақты тексеруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев армияда қордаланған мәселелер көп екенін айтып, оны түбегейлі реформалау қажеттігін жеткізді. Мемлекет басшысы жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовке бірқатар шұғыл міндет жүктеді.
Олардың қатарында бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып Қарулы Күштерді реформалау, кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіру және әскердегі тәрбие жұмысын күшейту бар.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөніндегі арнайы жоспар әзірлеуі тиіс. Жоспар қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
«Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы армияда цифрлық трансформация жүргізіп, мүмкіндігінше адам еңбегін технологиямен алмастыруды тапсырды. Реформалау үдерісін Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты үйлестіреді.