Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты
Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 19 әскери қызметшіні теңіз ағызып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың тоғызы қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Қалған жеті әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауы кезінде болған. Сол уақытта ауа райы күрт өзгеріп, жел күшейген.
Құтқарылған үш әскери қызметшінің бірі ауруханаға жеткізілген. Қазір қалған жеті адамды іздеу жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия барған. Комиссия іздестіру-құтқару жұмыстарының барысын да үйлестіреді.
«Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы 22 қыркүйекте басталған. Оған 500-ден астам әскери қызметші, әскери кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері қатысқан.
Сондай-ақ Ақтауға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың бара жатқаны хабарланды. Қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, теңізге кеткен әскери қызметшілердің кейбірінің мерзімді әскери қызметін аяқтауына небәрі 8-9 күн қалған.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Іздеу жұмыстарының барысы туралы қосымша ақпарат деректер нақтыланғаннан кейін жарияланатынын хабарлады.
Оқиғаға байланысты Қазақстан Бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Ведомствоның мәліметінше, жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және прокуратура қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп, сот сараптамалары тағайындалған. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.