Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары мөлшерлемемен салық салу мәселесін талқылауды ұсынды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қиындық туғызған Салық кодексінің талаптарын қайта қарау қажеттігін айтты, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, жаңа Салық кодексі салық жүйесін түбегейлі жаңартуға негіз болғанымен, оның кейбір талаптары кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп отыр. Сондықтан заңдағы қайшылықтарды жойып, талаптардың әртүрлі түсіндірілуіне жол бермеу қажет.
Тоқаев Үкіметке кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, салық заңнамасына нақты өзгерістер енгізуді тапсырды. Оның сөзінше, заң талаптары жиі өзгерсе, бизнес өкілдеріне тұрақты жұмыс істеу қиынға соғады. Ал салық жүйесі кәсіпкерліктің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуі керек.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауқатты азаматтарға салық салу мәселесіне тоқталды. Ол ірі байлық иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізу жөніндегі ұсынысты қарастыратын уақыт келгенін атап өтті.
Президент заңды жолмен жиналған мүлікке шектеу қою туралы сөз болып отырмағанын жеткізді. Оның пікірінше, әр азамат елдің дамуына өз мүмкіндігіне қарай үлес қосуы керек. Осыған байланысты Тоқаев Үкімет пен Құрылтайға мәселені жан-жақты зерттеп, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Әзірге салықтың нақты мөлшері мен оның кімдерге қолданылатыны белгісіз.
Сондай-ақ Президент салық жүйесін толық цифрландырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды қолдану салық жинау тиімділігін арттырып, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.