Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында әлеуметтік салаға бөлінген қаржы мен жеңілдіктерді беру тәртібіне тоқталды. Президенттің айтуынша, қолданыстағы әлеуметтік көмектерді қайта қарап, олардың кімге және қалай беріліп жатқанын зерделеу қажет, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының сөзінше, 2019 жылдан бері әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге жұмсалған. Бұл қаражат халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Соңғы жылдары, әсіресе ауылдар мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің қолжетімділігі артып келеді. Осы уақыт аралығында елімізде 1 259 денсаулық сақтау нысаны салынған.
Бұдан бөлек, азаматтар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мыңнан астам қызметті тегін пайдалана алады. Білім беру саласында да әлеуметтік қолдау қарастырылған. Қазір бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балаларды қоса алғанда, 1,7 миллионнан астам оқушы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Президент елде әлеуметтік жеңілдіктердің түрі көп екенін атап өтті. Алайда кейбір көмектердің заңсыз жолмен беріліп жатқанын да жеткізді. Осыған байланысты Үкімет әлеуметтік жеңілдіктердің берілу тәртібін жан-жақты зерттеп жатыр.