Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне қайта тағайындалды, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Мәдиевтің кандидатурасы Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінде қаралған. Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар оны аталған қызметке тағайындауға ұсыну туралы қорытынды қабылдаған.
Жаслан Мәдиев бұл қызметке алғаш рет 2025 жылғы 29 қыркүйекте тағайындалған. Оған дейін, 2024 жылғы мамырдан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарған.
Бұған дейін Мәдиев Binance Kazakhstan компаниясында 2022-2024 жылдары бас менеджер болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі қызметтерін атқарған.
Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін және Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған. Әр жылдары Morgan Stanley, «Самұрық-Қазына», Kazyna Capital Management, Қазақстанның Даму банкі, Ұлттық банк және «Қазақстан темір жолы» компаниясында қызмет атқарған. Сондай-ақ Премьер-Министрдің кеңесшісі болған.
Премьер-Министрдің орынбасары қызметінде ол цифрландыру, жасанды интеллект, электронды үкімет, телекоммуникация, цифрлық активтер және ғарыш салаларына жетекшілік етеді.