Қазақстанда жаңа заң жобасы бойынша мұғалімдердің жауапкершілігі нақты шектелмек. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, педагогтар оқушылар үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде ғана жауап береді. Ал сабақтан тыс уақыт, демалыс күндері және каникул кезінде балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты болады.
Ол бұрын болған кей жағдайларда мұғалімдер оқушылар жанында болмағанына қарамастан жазаланып кеткенін айтып, бұл әділетсіздік екенін жеткізді. Сондықтан заңға нақты норма енгізу қажеттілігі айтылды.
Депутат Ирина Смирнова да бұл бастаманы қолдап, мұғалімнің жауапкершілігі тек оқу уақытымен шектелуі керек екенін атап өтті. Оның пікірінше, педагогтің негізгі міндеті – білім беру, ал сабақтан тыс уақыттағы бақылау ата-ананың міндеті.