Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысы Мұхтар Алтынбаев қажет жағдайда әйелдер де ерлермен қатар әскери қызмет атқарып, ел қорғауға дайын болуы тиіс деген пікір білдірді, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, ел қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда Отан қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті. Мұндай сәтте адамның ер немесе әйел екеніне қарап бөлудің жөні жоқ.
Мұхтар Алтынбаев әйелдердің жауапкершілігі жоғары екенін айтып, олардың әскери міндетті де абыроймен атқара алатынын жеткізді. Сондай-ақ әйелдердің отбасыны ұйыстырып, бала тәрбиелеп, сан түрлі жауапкершілікті қатар алып жүретінін еске салып, олардың күш-қуатына күмән келтіруге негіз жоқ екенін айтты.
Экс-министрдің сөзінше, күнделікті өмірде әйелдердің мойнындағы міндет ерлерден кем емес. Ол әскери салада жоғары лауазымға дейін көтерілген әйел генералдарды да білетінін айтып, бүгінде әйелдердің көптеген салада табысты еңбек етіп жүргенін мысалға келтірді. Оның пікірінше, әскери қызмет те әйелдер үшін қол жетпейтін немесе ауыр сала емес.