Қазақстан мен Ресей арасындағы бірқатар өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің кептелісі байқалып отыр. Атап айтқанда, Павлодар облысындағы «Қосақ» бекетінде кезек ұзарып, көлік қозғалысы баяулаған, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бұл жағдайды көкөніс пен жеміс-жидек тасымалының маусымдық артуымен байланыстырып отыр. Осыған байланысты өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп, кезекті азайтуға бағытталған шаралар қабылдануда. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Шекара қызметі Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе» халықаралық өткізу бекеттері жұмыс істеп тұрғанын еске салды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» бекеттері арқылы да өту мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ ведомство электрондық кезек жүйесі енгізілгенін атап өтті. Бұл жүйе арқылы жүргізушілер бос орындарды алдын ала қарап, шекарадан өту уақытын жоспарлай алады. Мұндай мүмкіндік өткізу бекеттеріндегі жүктемені азайтып, тасымал процесін жеңілдетуге бағытталған.
Ресми дерекке сәйкес, «Қосақ» бекетінің бір күндік өткізу мүмкіндігі шамамен 200–220 жүк көлігін құрайды. Қазіргі ахуалға байланысты шекара қызметі жүргізушілерге балама бағыттарды алдын ала қарастыруды ұсынады