Қазақстанда тұрғын үй кезегін қайта тексеру нәтижесінде 16 мыңнан астам азамат тізімнен шығарылды. Бұл туралы Отбасы банк мәлім етті, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Биылдан бастап тұрғын үй кезегі толықтай орталықтандырылып, бірыңғай жүйеге біріктірілген. Осыған байланысты кезекте тұрғандардың деректері қайта қаралып, тұрғын үйінің бар-жоғы, отбасы жағдайы мен санаты нақтыланған.
Тексеру қорытындысы бойынша 16 537 адам кезектен шығарылса, 74 мыңнан астам азаматтың кезегі уақытша тоқтатылған. Сондай-ақ 75 мыңнан астам адамды кезекке қоюдан бас тартылған. Бұған көбіне азаматтың немесе оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болуы себеп болған.
Қазір ел бойынша тұрғын үй кезегінде 968 мыңнан астам адам тұр. Баспана кезекке тұрған уақыты мен әлеуметтік санатына қарай беріледі. Ал тексерістен өтпеген азаматтар кезектен шығарылмаса да, оларға үй де, жеңілдетілген несие де берілмейді.