Астана қаласындағы мемлекеттік мектептерде 1 сәуірден бастап ас мәзірі жаңартылды. Енді оқушылардың тамақтану рационына қазақтың дәстүрлі тағамы – асылған ет те қосылды,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, жаңа мәзірдің негізгі мақсаты – балалардың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету. Осыған байланысты ас мәзірінде ет, балық, құс еті, сүт өнімдерімен қатар, жаңа піскен көкөністер мен жемістердің үлесі арттырылған. Бұл оқушылардың ағзасын қажетті ақуыз, витамин және пайдалы микроэлементтермен толықтыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін бірқатар өнімдер асханадан алынып тасталған. Атап айтқанда, тұзы мен қанты көп тағамдар, шұжық өнімдері, фастфуд түрлері, тәтті шырындар, құрамында қоспасы бар дайын өнімдер енді мәзірге енгізілмейді.
Жаңартылған ас мәзірінде ет, балық немесе құс етінен дайындалған ыстық тағамдарға басымдық берілген. Сондай-ақ тұтас дәнді дақылдар, көкөніс пен сүт өнімдерін кеңінен қолдану қарастырылған.
Бұдан бөлек, мектеп асханаларында ұлттық тағамдарды енгізу бастамасы да қолға алынған. «Ұлттық мектеп асханасы» жобасы аясында аптаның бір күнінде оқушыларға қазақтың дәстүрлі ас мәзірі ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйенің орындалуы бірнеше деңгейде бақыланады. Бұл жұмысқа мектеп әкімшілігі жауапты болса, білім басқармасы тарапынан қадағалау жүргізіледі. Сонымен қатар ата-аналар қатысатын арнайы комиссиялар да ас сапасын бақылап отырады.