Бортында хантавирус жұқтырған жағдай тіркелген Hondius круиздік лайнері Испанияның Тенерифе аралына келді. Оқиға салдарынан үш жолаушы көз жұмып, тағы алты адамнан инфекция жұқтыруы мүмкін деген күдік анықталған, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус кемені қарсы алу үшін арнайы Тенерифеге барған. Ол Испания үкіметінің өкілдерімен бірге жолаушылар мен экипаждың қауіпсіз түрде кемеден түсу барысын қадағалаған.
ДДҰ басшысы жағдайдың бақылауда екенін айтып, ұйымның тиісті шараларды үйлестіруді жалғастырып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі сәтте Канар аралдары үшін де, жалпы әлем үшін де қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр.
Алдын ала мәліметке сәйкес, кемеде 140-тан астам адам болған. Hondius лайнері Канар аралдарына 7 мамырда бағыт алып, Тенерифеге 10 мамырға қараған түні жеткен.
Қаза болғандардың арасында Германияның Пассау қаласынан шыққан 78 жастағы әйел де бар. Қазір оқиғаға байланысты тексеріс пен медициналық бақылау жалғасып жатыр.