Теміртау қаласының 48 жастағы тұрғыны облыстық клиникалық аурухананың №1 перинаталдық орталығында 13-ші баласын дүниеге әкелді. Көпбалалы ана 2 наурыз күні ұл баланы өмірге әкелген, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Дәрігерлердің мәліметінше, жаңа туған нәрестенің салмағы 3650 грамм, бойы 54 сантиметр. Босану табиғи жолмен өтіп, ана мен баланың жағдайы жақсы. Бұл — ананың тоғызыншы ұлы. Бұған дейін отбасында төрт қыз дүниеге келген.Отбасының тұңғышы бүгінде 25 жаста.
Көпбалалы ана өзі де үлкен отбасында тәрбиеленгенін айтады. Оның сөзінше, жолдасы алғашында жалғыз бала болып өскендіктен үйренісе қоймағанымен, уақыт өте келе үлкен отбасының өміріне бейімделген. Жаңа туған сәбидің аман-есен дүниеге келуіне көмектескен дәрігерлерге ана алғысын білдірді.