Әлеуметтік желіде ат үстіндегі ер адамның әйелге күш көрсетіп, балағат сөздер айтып жатқан сәті таспаланған видео кеңінен тарады. Кадрлардан ер адамның әйелге дөрекі сөйлеп, қорқытып тұрғанын аңғаруға болады. Аталған жағдай Алматы облысы полициясының назарын аударды.
Таралған деректерге сәйкес, видеоны ер адамның өзі емес, оның жұбайы жасырын түсірген. Ерлі-зайыптының бес баласы бар екен. Әйел бейнежазба арқылы күйеуінің өзіне ғана емес, балаларына да жиі жекіп сөйлеп, балағаттайтынын көрсеткісі келген.
Сондай-ақ таралған видеода ер адамның мас күйде екені байқалады. Ол кәмелетке толмаған қызына да дөрекі сөздер айтып, агрессия танытқан.
Аталмыш оқиғаға байланысты Алматы облысы полиция департаменті тексеру жұмыстарын бастағанын хабарлады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Instagram әлеуметтік желісін мониторингтеу барысында Архарлы ауылының 49 жастағы тұрғынына қатысты отбасылық зорлық-зомбылық белгілері бар жазба анықталған.
– Материал тіркелді. Қазіргі таңда тексеру жүргізіліп жатыр. Нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары бұл дерек бойынша бұған дейін ресми арыз-шағым түспегенін атап өтті.