Қатты аязға байланысты Астанадан қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер мен дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Шектеу 14 қаңтар күні сағат 20:00-ден бастап күшіне енді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа температурасының -30 градусқа дейін төмендеуі қауіпсіздік шараларын күшейтуге негіз болған. Осыған байланысты барлық бағытта дизельмен жүретін және қоғамдық көліктердің елордадан тысқары шығуына тыйым салынған.
– Температураның күрт төмендеуіне орай Астанадан шығатын дизель көліктері мен қоғамдық транспортқа уақытша шектеу енгізілді, – деп хабарлады ведомства ресми Instagram парақшасында.
Құтқару қызметі тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Мамандардың айтуынша, аязды күндері алыс жолға шықпаған жөн, мүмкіндігінше үйден шықпау ұсынылады. Ал сыртқа шығу қажет болған жағдайда үсікке жол бермеу үшін жылы киініп, қолғап пен бас киімді міндетті түрде кию керек.
Сонымен қатар City Transportation Systems компаниясы қала маңына қатынайтын бірқатар автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда №305, 308, 309, 310, 312, 315, 316, 327, 328 және 329 бағыттардағы автобустар жүрмейді.
Жауапты органдар ауа райы тұрақталғанға дейін жолға шықпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге кеңес береді.