Алматы қаласының Алатау ауданындағы Рахат-Мәдениет шағынауданында инженерлік және жол инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Жоба толық аяқталғанда 15 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған су жүйесі мен кәріз желісіне қосылады, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Шағынауданда жалпы ұзындығы 36,4 шақырым болатын 107 топырақ жолға жаңа жол төселген. Сонымен қатар бірқатар көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жөндеу жоспарына енбеген учаскелердегі жұмыстар келесі жылы жалғасады. Ал әзірге кейбір көшелерге көлік қозғалысын жақсарту мақсатында уақытша инертті материалдар төселген.
Бұған қоса мұнда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 130,7 шақырым желі тартылып, қосымша 49 шақырымға жуық коммуникация салынған. Жобаның орындалу деңгейі 99 пайызға жеткен. Сондай-ақ Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысымен электр желілері жаңғыртылып жатыр. Шағынауданның бір бөлігі жаңартылған желіге қосылған. Қалған учаскелердегі жұмыстар келесі жылы аяқталмақ.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін жергілікті тұрғындар да байқап отыр. Олардың айтуынша, көшелер жөнделіп, жарықтандыру мен кәріз жүйесі тартылған. Қазір үйлерді орталық желіге қосу жұмыстары жүріп жатыр.
– Жолды өте жақсы жасап берді, көңіліміз толады. Асфальты шынымен сапалы, кең әрі жақсы төселген. Өткен жылмен салыстырғанда қазір жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Көшеде жарық бар, кәріз жүйесі де тартылды, енді орталық желіге қосылып жатырмыз, – дейді шағынаудан тұрғыны.
Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары Рахат-Мәдениет шағынауданындағы коммуналдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.