Алматының қарқынды дамуы мен жастардың қала өміріне қатысты сұранысы шетелдік сәулетшілердің назарын аударып отыр. Бұл туралы SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық сәулет және қала құрылысы форумында LDA Design компаниясының директоры Бенджамин Уокер айтты, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Сарапшының сөзінше, Алматы бірқатар мәселеге кезіккенімен, оларды шешудің тың жолдарын іздестіріп келеді. Бұл қала кеңістігін тұрғындардың қажеттілігіне сай жаңаша жоспарлауға жол ашады.
Бенджамин Уокер қаланы дамыту кезінде жастардың қалауы мен өмір салтын ескеру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жас буын қоғамдық орындардың жайлы әрі түрлі қажеттілікке сай болғанын қалайды.
Сонымен қатар маман Қазақстанның туристік мүмкіндіктеріне де тоқталды. Қазір саяхатшылар бұрын бармаған жерлерді аралап, жаңа әсер алуға және өзге мәдениеттермен танысуға көбірек қызығушылық танытып келеді.
Сарапшының пікірінше, Алматының қалалық ортасын жақсарту және Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныту шаһардың шетелдік қонақтар үшін тартымдылығын арттыра түседі.