ОН КҮНДЕ ЕКІ СТУДЕНТ ҚАЗА ТАПТЫ: ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ НЕГЕ ҮНСІЗ?
Қара шаңырақтың қабырғасында он күннің ішінде екі студенттің ғұмыры үзілді. Екі отбасы қара жамылды. Мыңдаған ата-ананың көңіліне күдік ұялады. Ал елдің ең іргелі оқу орындарының бірін басқарып отырған Жансейіт Түймебаевтың қоғам алдына шығып, жеке үндеу жасағанын әлі көрмедік. Ұлттық университеттің бірінші басшысы мұндай сын сағатта неге тасада қалды деп хабарлайды «DalaMedia» ақпараттық порталы.
Арман арқалап келген екі жас…
6 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Арада он күн өткенде, 16 қарашада география және табиғатты пайдалану факультетінің тағы бір студентінің қаза тапқаны белгілі болды.
Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Екінші оқиғаға қатысты күдікті ұсталды. Марқұмның туыстары әлімжеттік болғанын айтып отыр. Алайда оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.
Екеуі де үлкен өмірге енді ғана қадам басқан, арман қуып Алматыға келген жастар еді. Ата-аналары балаларын елдің маңдайалды университетіне сеніп тапсырды. Енді сол сенімнің өтеуі қандай болды?
Мұның өзі қауіпсіздік мәселесінен бөлек, университеттегі басқару жүйесінің тиімділігіне де күмән келтіреді.
Проректор мен декан кетті. Ал ректор ше?
17 қарашада университеттің әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Жатақханада кезекшілікте болған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Ғылым және жоғары білім министрлігі университетте кешенді тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
ҚазҰУ әкімшілігі жатақханадағы тәртіп пен қауіпсіздіктің тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін өзі мойындап отыр.
Олай болса, сол жүйені тұтастай басқарып отырған бірінші басшының жауапкершілігі қайда?
Басқару жүйесінде жетістікке бүкіл ұжымның еңбегі сіңсе, кемшілікке де әр деңгейдегі басшы жауапты болуы тиіс. Жетістікті бірінші басшының еңбегі деп дәріптеп, олқылықты қарамағындағы қызметкерлердің мойнына арта салу қаншалықты қисынды?
Екі қызметкерді жұмыстан босату арқылы жылдар бойы қалыптасқан басқару жүйесіндегі ықтимал кемшіліктерді жою мүмкін бе?
Тергеу құпиясы – үнсіздікке себеп пе?
Университет өзінің ресми мәлімдемесінде Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, тергеуге қатысты мәліметтерді жариялай алмайтынын жеткізді.
Заң талабы түсінікті. Тергеу құпиясы сақталуға тиіс. Алайда қоғам ректордан қылмыстық істің егжей-тегжейін жариялауды талап етіп отырған жоқ.
Жұртшылық бірінші басшыдан университеттегі ахуалға баға беруді, қалыптасқан жағдайға қатысты ұстанымын білдіруді, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ашық ақпарат күтеді.
Қара жамылған отбасылардың қайғысына жеке үндеу арқылы ортақтасуға, ата-аналардың алаңдаушылығына жауап беруге, студенттермен ашық кездесу өткізуге қандай кедергі бар?
Тергеу құпиясы мен басшының қоғам алдындағы есептілігі – екі бөлек мәселе.
Сын сағатта сыналатын басшылық
Жансейіт Түймебаев – мемлекеттік басқару жүйесінде мол тәжірибе жинақтаған тұлға. Білім және ғылым министрі, облыс әкімі қызметтерін атқарған. 2021 жылдан бері ҚазҰУ-ды басқарып келеді.
Осындай басқару мектебінен өткен азамат қоғаммен байланыстың, әсіресе дағдарыс кезіндегі коммуникацияның қаншалықты маңызды екенін білмеуі мүмкін емес.
Басшының біліктілігі салтанатты жиындарда сөйлеген сөзінен, мінберде келтірген көрсеткіштерінен ғана емес, қиын сәтте қабылдаған шешімінен, жауапкершілікті өз мойнына ала білуінен де көрінеді.
Университеттің халықаралық рейтингтердегі орны, ғылыми жетістіктері мен шетелдік әріптестігі қаншалықты маңызды болса да, адам өмірінен қымбат емес.
Баспасөз қызметінің мәлімдемесі бірінші басшының азаматтық үнін алмастыра алмайды. Өйткені мұндай жағдайда қоғам лауазым иесінің ресми жауабын ғана емес, басшының адамдық болмысын да көргісі келеді.
Үнсіздік сенімге сызат түсіреді
ҚазҰУ төңірегіндегі дау бүгін басталған жоқ. 2024 жылы студенттердің жеке әрі медициналық деректерінің таралуы қоғамның наразылығын туғызса, кейінгі жылдары оқытушылардың қызметтен кетуіне қатысты мәселелер де қоғамдық талқыға түсті.
Бірінен соң бірі орын алған оқиғалар университеттің ішкі ахуалын, басқару мәдениетін және ақпараттық ашықтығын қайта зерделеу қажеттігін көрсетеді.
Ақпараттық кеңістікте ресми жауап болмаған жерде қауесет өрбиді, күдік күшейеді. Ал күдік ұлғайған сайын қоғамның институттарға деген сенімі әлсірейді.
Сондықтан бүгін ҚазҰУ-ға тек қауіпсіздік шараларын күшейту аздық етеді. Университетке қоғамның сенімін қайтару міндеті де жүктеліп отыр.
Ұлттық мәртебе – ұлттық жауапкершілік
ҚазҰУ – бір адамның немесе бір ұжымның меншігіндегі бедел емес. Ол – талай буынның маңдай терімен қалыптасқан, қазақ зиялыларының бірнеше толқынын тәрбиелеген, тұтас ұлттың мақтанышына айналған білім ордасы.
Сондықтан оның абыройын сақтау – келеңсіз жайттарды айналып өтумен емес, кемшілікті ашық мойындап, оны түзете білумен өлшенеді.
Екі студенттің қазасына қатысты құқықтық бағаны тергеу мен сот береді. Ал оқу орнындағы басқару жүйесіне, қауіпсіздікке және басшылықтың жауапкершілігіне қатысты сауалдар бүгін қойылуы тиіс.
Екі жастың өмірін енді ешкім қайтара алмайды. Бірақ мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін бүгіннен бастап нақты әрекет етуге болады.
Жансейіт Түймебаев мырза, қоғам Сізден баспасөз қызметінің кезекті мәлімдемесін емес, бірінші басшы ретіндегі ашық жауабыңызды күтеді.