Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде профессор Жекен Мамытовтың шәкірттері мен 2006 жылғы түлектердің қатысуымен топырақтануға арналған жаңа аудитория ашылды. Жаңа оқу ордасы ұстаздың ғылыми мұрасын дәріптеумен қатар, заманауи цифрлық технологияларды сабақ процесіне енгізуге мүмкіндік береді.
Аудиторияның ашылуы профессордың ғылымдағы ізін жалғау, оның қалыптастырған ғылыми мектебін кейінгі буынға жеткізуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Жекен Мамытовтың еңбегі студенттерді ерте кезеңнен ғылыми ізденіске баулып, бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі аралықта үздіксіз ғылыми жетекшілік жүйесін қалыптастырғанымен ерекшеленеді.
Осы бағытта сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Асылбекова Айжан Асылбекқызы профессордың ғылыми мектебі туралы кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ұстаз студенттерді ерте кезеңнен бастап ғылыми жұмысқа баулып, бакалавриаттан PhD докторантура деңгейіне дейінгі үздіксіз ғылыми жетекшілік жүйесін қалыптастырған.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет еткен жылдары профессор студенттерді ерте кезеңнен бастап ғылыми жұмысқа баулудың және бакалавриаттан PhD докторантура деңгейіне дейінгі үздіксіз ғылыми жетекшілік етудің өзіндік мектебін қалыптастырды. Осы жүйелі тәрбиенің нәтижесінде даярланған Е.Х. Кәкімжанов, Ө.Ж. Тәукебаев, Г.Т. Исанова, Д.Қ. Шоқпарова, К.А. Темірбаева, Ш.У. Лайсханов секілді әріптестеріміз бен шәкірттеріміз бүгінде отандық ғылымның түрлі салаларында ұстаз салған сара жолды нық жалғастырып келеді», – деді ол.
Университет өкілдерінің айтуынша, жаңа аудитория – профессор негізін қалаған ғылыми бағыттың қазіргі заман талабына сай жалғасы.