ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ТАЗАЛЫҚ ЖАРШЫСЫ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысының Тараз қаласы мен барлық аудандарында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Тазалық жаршысы» бастамасы ұйымдастырылды. 10 қарашада өткен экологиялық акцияға жастар, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысып, қоғамдық орындар мен табиғи аумақтарды тазартуға атсалысты, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Тараз қаласында Абай мен А. Пушкин көшелерінің қиылысындағы Пушкин ескерткішінің маңында «Тазалық жаршысы» атауымен тазалық жұмыстары жүргізілді. Ал Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы дендросаябақта «Жастар және тазалық: ортақ жауапкершілік» бастамасы жүзеге асты.
Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Абай көшесінде «Экологиялық мәдениет: тазалық өзімізден басталады» тақырыбымен акция ұйымдастырылды. Жуалы ауданындағы орталық саябақ, Меркі шатқалы, Т. Рысқұлов ауданындағы «Ардагерлер» саябағы да тазалық жұмыстары қамтылған аумақтардың қатарында болды.
Бұдан бөлек, Қордай ауданында Абылай хан мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы көпір маңындағы канал аңғары тазартылды. Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағы мен М. Жүнісәлиев атындағы саябақта, Талас ауданындағы Қаратау қаласының «Қуғын-сүргін» саябағында экологиялық жұмыстар жүргізілді.
Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласының 1-шағын ауданында және Мойынқұм ауданындағы Ж. Қуанышбаев атындағы саябақта да тазалық акциясы өтті.
Экологиялық бастаманың негізгі мақсаты – қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыру.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жамбыл облысында 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылған. 5,9 мың шақырым көше жолдары тазартылып, 1 210 шақырым арық жүйелері мен каналдар ретке келтірілген. Сонымен қатар саябақтар мен скверлердің 804,8 мың шаршы метр аумағы абаттандырылып, 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналдыру – акцияның басты ұстанымы. Өйткені туған өлкенің көркеюі мен қоршаған ортаның тазалығы әрбір тұрғынның жауапкершілігіне байланысты.