Акцияның басты мақсаты – бұлақтар мен өзен-көлдерді, теңіз жағалауларын қоқыстан тазарту, сондай-ақ жастар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру. Осы бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде тазалық жұмыстары қарқын алып келеді.
Игі бастамаға мектеп оқушылары, колледж студенттері мен ерікті жастар белсене қатысуда. Олар бұлақ көздерін ашып, айналасын ретке келтірумен қатар, жағалауларды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырып жатыр.
Алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында демалып жатқан оқушылар іске кірісті. Олар бұлақ көзін аршып, маңайын қоқыстан тазалады. Ал Шымкент қаласында ерікті жастар мен колледж студенттері Қошқар ата өзенінің жағасында сенбілік өткізді.
Маңғыстау облысының студенттері де акциядан шет қалмай, Каспий теңізінің жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар табиғатты таза ұстау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы алдағы бір ай бойы еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табады.