ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҰШЫРАҒАНДАР THREADS АРҚЫЛЫ КӨМЕК СҰРАЙ АЛАДЫ
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар мен оның куәгерлері енді Threads әлеуметтік желісі арқылы мамандарға жүгіне алады. Ішкі істер министрлігі полицияға тікелей хабарласуға жүрексінетін азаматтарға құқықтық және психологиялық қолдау көрсету үшін республикалық акция бастады деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бастама ең алдымен қысым көрсе де, түрлі себеппен полицияға арыздана алмай жүрген адамдарға арналған. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтың куәгерлері мен мамандардың кеңесіне мұқтаж азаматтар да көмек сұрай алады.
Ол үшін Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің Threads желісіндегі ресми парақшасына өтініш қалдыру жеткілікті. Мамандар азаматтардың сауалдарына жауап беріп, қажетті түсініктеме береді. Ал адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, өтініш шұғыл түрде тиісті полиция бөлімшесіне жолданып, тиісті шаралар қабылданады.
Бұдан бөлек, көмекке жүгінуді жеңілдету үшін арнайы ақпараттық сайт әзірленген. Онда Қазақстанның барлық өңіріндегі сенім телефондары, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс нөмірлері топтастырылған. Арнайы сайтқа кіріп, әр өңірдегі қажетті мекемелердің байланыс деректерін табуға болады.
Акцияға мемлекеттік органдармен қатар қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау мекемелері де қатысады. Олар өз құзыреті шегінде азаматтардың мәселесін шешуге жәрдемдеседі.
Министрлік өкілдері зорлық-зомбылық жағдайларына бейжай қарамауға шақырады. Көмек өзіне немесе айналасындағы адамға қажет болса, үнсіз қалмау керектігін еске салады.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаты Лариса Ли тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға арналған қауіпсіз орындар ашуды ұсынған еді. «Үйден 60 секундтық жердегі пана» деп аталатын жоба бойынша дүкендерде, дәріханаларда және ПИК кеңселерінде арнайы PANA белгісі орнатылмақ. Қауіп төнген адам осындай орындардың біріне кіріп, көмек сұрай алады. Қызметкерлер оны қауіптен қорғап, қажет болған жағдайда алғашқы көмек көрсетіп, полиция шақыруы тиіс.
Депутаттың сөзінше, бастаманы жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлудің қажеті жоқ. Алғашқы кезеңде жобаны Астана, Көкшетау және Теміртау қалаларында сынақтан өткізу ұсынылған.