Жамбыл облысында дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. 5 тамызда Достық үйінде Медиация орталығының ұйымдастыруымен «Медиацияның ашық есік күні» акциясы өтті, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Акцияның мақсаты – тұрғындарға медиацияның мүмкіндіктерін түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және дауларды сотқа жеткізбей шешудің тиімді жолдарын көрсету.
Шара барысында Заңдық және медиативтік көмек көрсету жөніндегі медиаторлар кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, «Қоғамдық келісім» КММ заңгері Дина Амиреева және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының заңгері Алия Булантаева азаматтарды жеке қабылдады.
Мамандар тұрғындарға отбасылық, еңбек, мүліктік, көршілік және басқа да азаматтық-құқықтық дауларды медиация арқылы шешу жолдары жөнінде кеңес берді. Сондай-ақ медиация рәсімінің артықшылықтары, заңнамалық негіздері мен оны қолдану тәртібі түсіндірілді.
Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы өзара түсіністікті нығайту және әлеуметтік қолдау мәселелеріне де назар аударылды. Орталық өкілі тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлері туралы ақпарат берді.
Акция барысында азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша тегін құқықтық және медиативтік көмек алды. Мамандармен пікір алмасып, дауларды өзара келісім арқылы шешудің мүмкіндіктерімен танысты.
Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамда өзара құрмет пен түсіністік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Медиация жанжалды ушықтырмай, тараптардың ортақ шешімге келуіне мүмкіндік беретін тиімді тәсілдердің бірі саналады.