Алдағы үш күнде еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, ауа температурасы төмендейді. Кей жерлерде көктайғақ болып, тұман түсуі мүмкін. Бұл туралы «Dalamedia» ақпараттық порталы хабарлайды.
«Қазгидромет» 3–5 қараша аралығына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің мәліметінше, антициклонның ықпалымен ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын күтілмейді.
Алайда 4–5 қарашада солтүстік-батыс циклонының жақындауына байланысты батыс өңірлерде жаңбыр жауады. Кей аумақтарда жауын-шашын мол түсуі ықтимал. Ал 3 қарашада атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің шығысында, негізінен қар түрінде жауын-шашын түседі. Жекелеген жерлерде қар күшейіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, республика бойынша желдің екпіні артады. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Ауа температурасына келсек, батыс өңірлерде күндізгі көрсеткіш +13...+21 градустан +6...+19 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік-шығыста ауа температурасы +13...+18 градустан +10...+15 градусқа дейін салқындайды. Ал еліміздің өзге аймақтарында айтарлықтай өзгеріс болмайды.