Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Айналайын» балабақшасында бүлдіршінге күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаға қатысы бар тәрбиеші қамауға алынды, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Баланың анасының сөзінше, ұлының денесінен жарақат іздерін байқаған. Алғашында балабақша қызметкерлері мұны балалардың өзара төбелесімен түсіндірген. Кейін тәрбиешінің балаларды ажырату кезінде бүлдіршінді байқамай қағып кеткені айтылған.
Анасы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды бірнеше рет сұрағаннан кейін ғана көре алған. Кадрлармен танысқан соң, ол бірден полицияға жүгінген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада балабақша қызметкерінің балаға қол көтергені байқалады.
Полицияның мәліметінше, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамауға қатысты бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады.
Дереккөз:Egemen Kazakhstan