Алматыдағы Ақсай-1А ықшам ауданында тұрғындардың ортақ меншігіндегі жер учаскелерін заңсыз сатқан бұрынғы ПИК төрағасына сот үкімі шықты. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Алматы қаласының прокуратурасы ықшам аудандағы әлеуметтік шиеленістің себептерін зерделеу барысында сотқа дейінгі тергеу бастаған. Тексеру нәтижесінде «Школьник» ПИК-інің бұрынғы төрағасы тұрғындарға ортақ жер учаскелерін заңсыз сатқандығы анықталды.
2026 жылғы 17 тамызда ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура осындай заң бұзушылықтардың алдын алу және жауапкершіліктің бұлтартпастығын көрсету үшін істің ашық сот отырысында қаралуын қамтамасыз еткен. Сот процесіне проблемалық МИБ пен ПИК төрағалары да қатысқан.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Ақсай-1А ықшам ауданының 15 мыңнан астам тұрғынының құқығы қорғалып, әлеуметтік шиеленіс жойылды.