Қазақстанда жедел жәрдем қызметіне қатысты жаңа талаптар қолданысқа енгізілді. Енді тұрғындар жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын картадан бақылай алады. Бұл туралы «Dalamedia» ақпараттық порталы хабарлайды.
Өзгерістер шақыртуларды шұғылдық деңгейіне қарай бөлуге, медицина қызметкерлерін қажетті құралдармен жабдықтауға және жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын геолокация арқылы бақылауға қатысты.
Жаңа тәртіп бойынша, төртінші санаттағы шақыртулар «шұғыл жағдай» деп аталады. Бұл санатқа науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбейтін жағдайлар кіреді.
Ал жедел жәрдем бригадасының шақырту орнына жету мерзімі өзгеріссіз қалды. Бірінші санаттағы шақыртуға дәрігерлер 10 минутқа дейін, екінші санатқа 15 минутқа дейін, үшінші санатқа 30 минутқа дейін жетуі тиіс. Ал шұғыл жағдайлар бойынша белгіленген уақыт – 60 минутқа дейін.
Бұдан бөлек, жедел жәрдем дәрігерлері бейнетіркегіш жетондармен қамтамасыз етіледі. Бұл да жаңа талаптардың бірі.
Қазір Ақтөбе мен Шымкент қалаларында жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жүйе такси қызметтеріндегі көліктің орналасқан жерін картадан көрсету тәсілімен жұмыс істейді. Алдағы уақытта оны еліміздің өзге өңірлерінде де енгізу жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда перзентханалар, балалар ауруханалары мен жедел жәрдем станцияларының басшылары тексерілетіні хабарланған еді.