ЕНДІ ЕМХАНАНЫ КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА АУЫСТЫРУҒА БОЛАДЫ
Қазақстанда емхана таңдау тәртібі өзгерді. Азаматтар медициналық ұйымды жылына бір рет кез келген уақытта ауыстыра алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында өткізілетін тіркеу науқаны кезінде берілген. Жаңа тәртіп бойынша емхана ауыстыру үшін арнайы кезеңді күтудің қажеті жоқ, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Азаматтар мемлекеттік емханамен қатар, МӘМС жүйесі бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге шарт жасасқан жекеменшік медициналық ұйымды да таңдай алады. 2026 жылы мұндай қызметті 687 медициналық ұйым көрсетеді. Оның 355-і мемлекеттік, 332-сі жекеменшік ұйым.
Емханаға тіркелудің екі жолы бар. Азамат eGov порталы арқылы электронды түрде өтініш бере алады немесе медициналық ұйымға тікелей жүгінеді. Онлайн өтініш ЭЦҚ арқылы расталады. Өтініш келесі жұмыс күні қаралады. ЭЦҚ болмаған жағдайда жеке куәлікпен емханаға барып тіркелуге болады. Қызмет тегін көрсетіледі.
Азамат бір уақытта тек бір медициналық ұйымға тіркеле алады. Жаңа емхана таңдалған кезде бұрынғы медициналық ұйымдағы тіркеу автоматты түрде тоқтатылады. Азаматтың келісімінсіз оны басқа емханаға ауыстыруға жол берілмейді. Ерекше жағдайларға медициналық ұйымның таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы жатады.
Емхана таңдаған кезде оның орналасқан жерін де ескеру қажет. Медициналық ұйым азаматтың нақты тұратын жеріне аумақтық тұрғыдан қолжетімді болуы тиіс. Себебі дәрігерді үйге шақыру сияқты бірқатар қызметтер тұрғылықты мекенжай бойынша көрсетіледі.
Балалар мен жүкті әйелдерге тұрғылықты жеріне жақын медициналық ұйымды таңдау ұсынылады. Бұл патронаж қызметін және үй жағдайында көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру үшін маңызды.
Учаскелік дәрігерге тіркелу кезінде оның жұмыс жүктемесі ескеріледі. Жалпы практика дәрігеріне орта есеппен 1700-2000 адам, учаскелік терапевке 2200-ге дейін ересек пациент, ал учаскелік педиатрға шамамен 900 бала бекітіледі. Сондықтан нақты дәрігерді таңдау оның учаскесіндегі бос орынға байланысты.
Медициналық ұйым кей жағдайда тіркеуден бас тартуы мүмкін. Бұл өтініште қате мәлімет көрсетілгенде, азамат медициналық ұйым қызмет көрсететін аумақтан тыс жерде тұрғанда немесе учаскелердегі пациенттер саны белгіленген шектен асқанда орын алуы ықтимал.
Егер емханада орын болмаса, медициналық ұйым пациентті алғашқы медициналық көмексіз қалдырмауы тиіс. Мұндай жағдайда қосымша учаске ашу немесе жақын орналасқан басқа медициналық ұйымға тіркеу мәселесі қарастырылады.
Мәселе шешілмеген жағдайда азамат медициналық ұйым әкімшілігінен жазбаша жауап талап ете алады. Кейін денсаулық сақтау басқармасына немесе eOtinish арқылы өтініш беруге болады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанда 34 мыңнан астам азамат ешбір емханаға тіркелмеген. Ал 1 шілдедегі дерекке сәйкес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарға 20 миллионнан астам адам тіркелген. Оның ішінде мемлекеттік медициналық ұйымдарда 9,4 миллион ересек адам мен 4,8 миллион бала, жекеменшік клиникаларда 4 миллион ересек адам және 1,8 миллион бала бар.