Алматының Алмалы ауданында қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, тұрғын үйлердің сыртқы келбеті ретке келтіріліп жатыр. Биыл аудандағы 60 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеу жоспарланған. Оның 41-індегі жұмыс толық аяқталған, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жөндеу кезінде қаланың дизайн-код талаптары ескеріледі. Ғимараттардың сырты табиғи тас пен гранитпен қапталып, кондиционерлер арнайы сәндік қоршауларға орналастырылады. Балкондар бір үлгіге келтіріліп, үйлерге сәулеттік жарықтандыру орнатылады. Ал тарихи маңызы бар нысандардағы сәндік сылақ элементтері қалпына келтіріледі.
Ауданның орталық бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған бірыңғай бағыт та қалыптасып келеді. Бұл бағыт Байсейітова мен Панфилов көшелеріндегі серуен аймағын Масаншы және Қарасай батыр көшелері арқылы Абай даңғылымен жалғайды.
Қазір Панфилов, Чайковский көшелері мен Гагарин даңғылында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қарасай батыр мен Құрманғазы көшелерінде жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар Жас көрермендер театрының алдындағы алаң күрделі жөндеуден өтеді. Мұнда автоматты және тамшылатып суару жүйелері орнатылады.
Көшелерді жарықтандыруды жаңарту жұмыстары да қолға алынған. Тротуар бойына 300 жаңа шам қойылған. Ал ауданның тағы алты көшесіне 500 жарық бағанын орнату жоспарланып отыр.
Абаттандыруға кәсіпкерлер де атсалысуда. Қазірге дейін 1648 «Абаттандыру паспорты» жасалып, бизнес өкілдері өз нысандарына іргелес аумақтарға көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді міндетіне алған.
Жыл соңына дейін ауданға 70 мың көпжылдық бұта отырғызу көзделген. Оның бүгінде 45 мыңы егілді.