Алмалы ауданының тарихи келбеті жаңғырып келеді
Алматының Алмалы ауданында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мен тарихи тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары қарқын алған. Ауданда жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар ретке келтіріліп, жарықтандыру жүйелері жаңартылып, тарихи ғимараттардың сәулеттік келбетін қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Аудандағы бірқатар жоба тұрғындардың ұсынысы негізінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы іске асырылуда. Соның аясында Чайковский көшесінің Қазыбек би көшесінен Әйтеке би көшесіне дейінгі бөлігі толық абаттандырылды. Жалпы аумағы 0,6 гектар болатын жерде 985 шаршы метр брусчатка мен 100 шаршы метр асфальт төселіп, 3 мыңға жуық сәндік бұта егілді. Сонымен қатар автоматты суару жүйесі орнатылып, ағаштарға санитарлық кесу жүргізілген.
Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің айтуынша, барлық қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың сұранысына сай жаңартылып жатыр. Оның сөзінше, кешкі уақытта қауіпсіздікті күшейту үшін ұзындығы 400 метр болатын жарықтандыру желісі тартылып, 27 жарық бағанасы орнатылған.
Аудандағы ең ірі жобалардың бірі – Панфилов көшесінің Райымбек батыр даңғылынан Жібек жолы көшесіне дейінгі бөлігін кешенді түрде абаттандыру. Ұзақ уақыт жаңартылмаған аумақта енді 1,7 гектар жерде жаңа жабындар төселіп, жиектастар мен бордюрлер орнатылады.
Қоғамдық кеңістіктермен қатар тарихи тұрғын үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру жұмыстары да жалғасуда. Биыл Алмалы ауданында 65 тұрғын үй осы жобаға енгізілген. Ғимараттардың техникалық жағдайына қарай қасбеттері толық жаңартылып, сырлау, тазалау, сәулеттік элементтерді қалпына келтіру, гранитпен қаптау, балкондарды біріздендіру және сыртқы жарықтандыруды жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Қазір бірнеше үйдегі жөндеу толық аяқталса, 30-дан астам нысанда жұмыстар жалғасуда.
Аудан әкімінің мәліметінше, Назарбаев даңғылы, 161 және Шевченко көшесі, 51 мекенжайындағы 1961 жылы салынған үш қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері толық жаңартылып, бірыңғай сәулеттік үлгіге келтірілген.
Жаңғырту жұмыстары тұрғындардың да қолдауына ие болды. Аудан тұрғыны Елена Красновскаяның айтуынша, ортақ сәулеттік келбетті сақтау үшін тұрғындар өз қаражаттарына орнатқан әйнектелген балкондарын алып тастауға дейін келісім берген. Оның сөзінше, қазір көшенің келбеті айтарлықтай өзгеріп, кешкі жарықтандырудан кейінгі көрінісі ерекше әсер қалдырады.
Бүгінде Алмалы ауданында 270 мыңнан астам адам тұрады. Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындарға жайлы әрі көрікті орта қалыптастыруға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.