Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астанадағы Ботаникалық саябақта ағаш отырғызды, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Президент бұл игі шараға ерікті жастармен бірге қатысып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып жүрген белсенділерге алғыс білдірді. Оның айтуынша, табиғатты аялау – ел үшін маңызды міндет, ал мұндай бастамалар өзгелерге үлгі болуы тиіс. Мемлекет басшысы әсіресе Jasyl El ұйымының жұмысына оң бағасын беріп, жастардың белсенділігі қоғамға серпін беретінін атап өтті.
Жалпыұлттық акция барысында биыл еліміз бойынша 2,4 миллионға жуық көшет отырғызылған.
Сапар барысында Президент «Нұра» ауданындағы Greenline бульварын да аралап көрді. Аумағы 3,8 гектарды қамтитын бұл нысанның алғашқы кезеңі аяқталған. Мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдар, сәулеттік элементтер және жасанды тоғандар салынған.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қалада абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтты. Қазіргі таңда 170 қоғамдық кеңістік пен аула кешенді түрде жаңартылуда. Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, сондай-ақ Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтарында жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар «Мыңжылдық» аллеясын жаңғырту жоспары әзірленген. Есіл өзенінің жағалауын қайта жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы қала инфрақұрылымын одан әрі дамыту, тұрғындарға жайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.