Бүгін – қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні. 10 тамыз елімізде Абай күні ретінде аталып өтеді. Хакімнің шығармашылық мұрасы әлемдік деңгейде мойындалып, оның рухани құндылығы халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Абай мұрасының маңызын ЮНЕСКО-ның шешімдері де айғақтайды. 1995 жылы ұйым аясында ақынның 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Бұл Абай шығармашылығының қазақ халқы үшін ғана емес, адамзаттың рухани мәдениеті үшін де құнды екенін көрсетті.
Бүгінде Абайдың мерейтойы ЮНЕСКО күнтізбесіне енгізілген. Осыған орай шетелдерде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді.
Хакімнің мол мұрасы уақыт өткен сайын өз маңызын жоймай, ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етіп келеді. Абайдың ой-толғамдары мен шығармалары кейінгі ұрпаққа рухани бағыт-бағдар беретін құндылық ретінде бағаланады.