Алматының Әуезов ауданында тұрғындардың ұсынысы негізінде аула мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында биыл 29 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Dalamedia ақпараттық порталы хабарлады.
Атап айтқанда, Жандосов және Дәуленов көшелерінің қиылысында отбасылық демалыс пен спортқа арналған заманауи қоғамдық кеңістік құрылды. Мұнда балалар ойын кешендері, спорт және воркаут аймақтары жабдықталып, шағын сәулет нысандары мен сыртқы жарықтандыру бағаналары орнатылды. Сонымен қатар аумақтың жабыны жаңартылды.
Аудан тұрғыны Ғабит Тұрсынбаеваның айтуынша, көркейту жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл орын тұрғындардың жиі жиналатын демалыс орнына айналған.
«Балаларға ойын алаңы өте ұнайды. Олар ойнап жүргенде мен де алаңдамай спортпен айналыса аламын. Бүкіл отбасы үшін заманауи әрі жайлы демалыс орны пайда болды», – деді ол.
Тағы бір жоба Тастақ-1 шағынауданындағы №24 және №26 үйлердің аулаларында жүзеге асырылды. Мұнда кешенді көркейту жұмыстары жүргізіліп, әр жастағы балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды.
Атап айтқанда, әткеншек, карусель, тепе-теңдік құралдары, батуттар және басқа да ойын элементтері қойылды. Тұрғындарға арналған күркелер, спорт және воркаут алаңдары жабдықталды. Аумақтың жабыны жаңартылып, заманауи сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Нәтижесінде жаңартылған аулалар тұрғындардың күнделікті демалысына арналған жайлы әрі қауіпсіз кеңістікке айналды.
«Біздің ауламыз адам танымастай өзгерді. Енді мұнда бүкіл отбасымызбен уақыт өткіземіз. Балалар жаңа алаңдарда ойнап, біз көршілерімізбен кешкі уақытта демаламыз», – деді аудан тұрғыны Үміт Оспанова.
Әуезов ауданында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы тұрғындардың ұсынысын ескеріп, демалыс, спорт және бос уақытқа арналған заманауи кеңістіктерді дамытуға мүмкіндік беріп отыр.