Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қаза тапқан 14 әскери қызметшіге қатысты жауаптылар лауазымы мен шеніне қарамастан заң бойынша қатаң жазаланатынын айтты, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық агенттігі.
Президент қайғылы жағдайды бейбіт күндегі ауыр қасірет деп бағалап, оған жол берген әскери қызметшілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
«Бейбіт күнде 14 сарбаздың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайды қылмыс деп айтуымыз керек. Бұл – бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы оқиғаға байланысты 25 қыркүйектің Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын еске салды. Қаза болғандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
Президент қайғылы жағдайдың негізгі мәселелерінің бірі ретінде әскери қызметшілердің тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілмегенін атады. Атап айтқанда, сарбаздарға кез келген ауа райында адамды су бетінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін арнайы құтқару кеудешелері берілмеген.
«Жауынгерлерге осындай аса маңызды әрі негізгі қорғаныс құралдарының берілмеуіне не себеп болды?!» – деді Президент.
Осы мәселеге жауап беру үшін арнайы комиссия кешенді тексеру жүргізеді. Мемлекет басшысы тиісті өкімге қол қойғанын айтты.