Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әйелге күш көрсетіп, қол көтеруді ерлік санайтын азаматтарға үндеу жасады. Өнер иесі мұндай әрекетті ақтауға болмайтынын айтып, әйелге күш қолдануды адамгершілікке жат қылық деп бағалады, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Димаш Құдайберген бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол әйелге қол көтеріп, оны мақтаныш санайтын ер азаматтарды сынға алды.
«Әйелді сабап, соны мақтаныш көретіндер, қай беттеріңмен өздеріңді еркекпін деп жүрсіңдер?! Жұдырықтарың әйелге ғана жүретін болса, сендер еркек емес – малсыңдар болды. Әйелге әлімжеттік жасап абырой жинаймын деу – адамдықтың ең төменгі шегі!» – деп жазды әнші.
Әншінің бұл жазбасы Жамбыл облысының Мерке ауылында 17 тамызда 19 жастағы Мадина Рашидқызымен қоштасу рәсімі өткеннен кейін жарияланды. Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Мадина отбасындағы жанжалдан кейін өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқаға күмән келтіріп отыр.
Туыстарының айтуынша, Мадинаның қайын жұрты қоштасу рәсіміне келмеген. Бұған дейін марқұмның құрбысы отбасындағы жанжалдар туралы айтып, оның күйеуінен таяқ жегенін мәлімдеген. Сондай-ақ құрбысы Мадинаның денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және жарақаттарының фотосуреттерін алғанын айтқан.
Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған тәттіге байланысты болған. Мадина «Барни» тәттісін жегені үшін күйеуінің ұрғанын айтқан деген ақпарат тараған. Осыдан кейін жас келіншек күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полиция департаменті адамды суицидке жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.