Қазақстанда соңғы бірнеше айда аптап ыстық салдарынан 26 адам көз жұмды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3-4 есе көп, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының бас маманы Зәуре Нұритдинованың айтуынша, былтыр дәл осындай кезеңде аптап ыстықтан жеті адам қайтыс болған. Биылғы көрсеткіштің күрт өсуі мамандарды алаңдатып отыр.
Дәрігердің сөзінше, ыстыққа ең осал топқа егде жастағы адамдар, диспансерлік есепте тұрған науқастар, созылмалы ауруы бар азаматтар, ерте жастағы балалар мен жүкті әйелдер жатады. Балалардың жылу алмасу жүйесі толық қалыптаспағандықтан, олар күннің ыстығы мен жылу соққысына әлдеқайда бейім келеді.
Аптап күндері құрылысшылар мен ашық аспан астында ұзақ уақыт еңбек ететін өзге де мамандардың медициналық көмекке жүгінуі де жиілеген. Мәліметке сәйкес, жедел жәрдем шақырған 30 мың адамның 2 700-іне күн өту, сусыздану және ағзаның қатты қызып кетуіне байланысты көмек көрсетілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сондай-ақ 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған.
Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсенің мәліметінше, өңірде ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам өсіп келеді. Соның салдарынан Қазақстанда жаңа температуралық рекордтар тіркеліп, ыстыққа байланысты денсаулығы сыр берген адамдар саны артып жатыр.
Мәселен, биыл маусым айында артериялық гипертонияға байланысты шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайлары өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 26 пайызға көбейген.
Еске салайық, синоптиктер бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірінде тамыз айының алғашқы күндерінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілетінін болжаған еді.