Қазақстанда жанар-жағармай материалдарының заңсыз шығарылуына жол бермеу мақсатында шекарадан өтетін көліктерге қосымша шектеулер енгізілді, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қабылданған шаралардың бірі — шекаралас мемлекеттерден келетін көлік құралдарының Қазақстан аумағына кіру жиілігін шектеу.
«Қазір шекаралас елдерден келетін жүк және жеңіл автокөліктердің Қазақстан аумағына тәулігіне бір реттен артық кіруіне тыйым салынған», — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Вице-министрдің сөзінше, бұл шара жанар-жағармайды заңсыз, яғни көлеңкелі жолмен ел аумағынан шығарудың алдын алуға бағытталған. Қазір бақылау шаралары күшейтіліп, қосымша жанармай багы орнатылған көліктерді анықтауға ерекше назар аударылып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстарды Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Шекара қызметі және кеден органдары бірлесіп жүргізуде. Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, шекара маңындағы өңірлерде жанармайды заңсыз алып өту әрекеттері жиі анықталады.
«Қазіргі уақытта Қазақстаннан жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығарудың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр», — деді вице-министр.
Бұған дейін Энергетика министрлігі елдегі жанармай нарығындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы қаупі жоқ екенін хабарлаған болатын. Сондай-ақ ведомство Қазақстанның Ресейге бензин жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.