Докторантураға түсуге өтініш қабылдау басталды
2 шілдеден бастап докторантураға түсуге арналған қабылдау емтиханына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Құжаттарды 3 тамызға дейін тапсыруға болады, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлер өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы тіркейді. Докторантураға түсушілер бір ғана жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламалары тобын таңдай алады. Сонымен қатар 3 тамызға дейін жеке кабинет арқылы өтінішті өзгертуге немесе кері қайтарып алуға мүмкіндік бар. Ал емтихан өтетін орын мен уақыты туралы ақпарат 9 тамызда жарияланады.
Қабылдау емтиханы әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтиханнан тұрады. Ең жоғары көрсеткіш – 100 балл. Оның ішінде әңгімелесу – 30, эссе – 20, ал бейіндік емтихан – 50 баллмен бағаланады. Мемлекеттік білім беру грантына да, ақылы бөлімге де түсу үшін талапкер кемінде 75 балл жинауы тиіс.
Докторантураға құжат тапсырушылар ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін және шет тілін кемінде В1 деңгейінде білетінін растайтын сертификат ұсынуы қажет. Алайда бұл талап «Дене шынықтыру педагогтерін даярлау», «Музыка педагогтерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» және «Орыс тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламаларына түсушілерге қолданылмайды.
Ал TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер қабылдау емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілі бойынша қосымша тестілеуден өтеді.
Биылдан бастап талапкерлер ғылыми зерттеу жобасын (Research Proposal), соңғы үш жылдағы ғылыми жарияланымдарының тізімін (бар болса), зерттеу жүргізу жоспарын және эссесін де ұсынуы керек.
Сонымен қатар талапкерлер Industrial PhD және DBA (Doctor of Business Administration) секілді бейіндік докторлық бағдарламаларға да түсе алады. Бұл бағдарламалар бойынша шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың белгілі бір деңгейі талап етілмейді әрі талапкерлер эссе жазбайды.
Бейіндік докторантураға арналған емтиханның ең жоғары көрсеткіші – 80 балл. Оның ішінде әңгімелесу – 25, бейіндік емтихан – 50, ал кәсіпорын немесе ұйымның ұсыным хаты болған жағдайда қосымша 5 балл беріледі. Бұл бағдарлама бойынша өту үшін кемінде 50 балл жинау қажет.
Докторантураға қабылдау емтиханына өтініш қабылдау 3 тамызға дейін жалғасады. Ал емтихандар 4-20 тамыз аралығында өтеді.