Мемлекет басшысы Саясат Нұрбекті қабылдап, ғылым және жоғары білім саласындағы негізгі бағыттар мен алдағы жоспарларды тыңдады, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында министр ведомство жұмысының басым бағыттары мен стратегиялық бастамалардың жүзеге асу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жаңа Конституция аясында білім мен ғылым саласының мүмкіндіктері кеңеюде. Сондай-ақ, ол адам капиталын дамытуға бағытталған экожүйе қалыптастыру, таланттарды жүйелі қолдау және еңбек нарығына жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды. 2030 жылға дейін қандай мамандықтарға сұраныс артатыны жөнінде болжам да ұсынылған.
Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мәселесі де ерекше назарға алынды. Бұл ретте «Келешек» механизмі мен саланы қаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу жоспарлары айтылды. Министр жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу бағытындағы бастамаларға тоқталып, AI-Sana ұлттық қозғалысын дамыту және AI-Enabled University жобасын іске қосу туралы жоспарын жеткізді. Аталған жоба білім беру мен өндірісті ұштастырып, жаңа технологияларды кеңінен қолдануды көздейді.
Сонымен қатар, инновациялық кластерлер мен ғылым қалашықтарын құру, DeepTech бағытындағы өндірістерді дамыту мәселелері көтерілді. Бұл бастамалар жоғары оқу орындары мен өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп, ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Президент жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және оларды коммерцияландыру, инновацияны қолдау, инфрақұрылымды жетілдіру және шетелдік университеттердің филиалдарын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.