Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында қос палаталы Парламенттің 30 жылдан астам уақыттағы жұмысына оң баға берді, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы бұл жиын тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұтас бір кезеңнің аяқталғанын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған кәсіби Парламент мемлекеттілікті нығайтуға, елдің құқықтық негізін қалыптастыруға және нарықтық экономиканы дамытуға елеулі үлес қосты.
Президенттің мәліметінше, осы уақыт ішінде Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған. Оның әрбір оныншысы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Сондай-ақ заң шығару жүйесінің қалыптасуына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері атсалысып, елдің парламенттік мәдениетінің дамуына негіз қалағанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Парламент қоғам сұранысына дер кезінде жауап бере алатын тиімді институт ретінде қалыптасты. Ол заң шығарушы органның әрбір шақырылымы Қазақстанның тұрақты дамуына серпін беріп, елдің эволюциялық дамуына өз үлесін қосқанын атап өтті.