Астанадағы Триатлон саябағында балалар ойын алаңы аумағындағы көгал өртеніп, оқиғаға төрт жасөспірімнің қатысы бар екені анықталды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оқиға 18 маусым күні таңғы уақытта Триатлон саябағында болған. Өрт сөндірушілер жалынды алты минут ішінде сөндірген. Алдын ала мәлімет бойынша, төрт мектеп оқушысы көгалға от қойған.
Өрт салдарынан шамамен 25 шаршы метр аумақ зақымданған. Абырой болғанда, оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген.
Құзырлы органдар жасөспірімдердің жеке басын анықтаған. Оқиғадан кейін олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласының полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Полиция өкілдері ата-аналарға балалардың қайда жүргенін және бос уақытын қалай өткізетінін бақылауда ұстау қажет екенін ескертті. Ведомствоның мәліметінше, ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы құқық бұзушылықтарға әкеліп, өзге адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.