БІЗДІҢ ҚАТЕМІЗДІ ҚАЙТАЛАМАҢЫЗДАР”: ЖАНӘБІЛОВТЕР СОТ ҮКІМІНЕН КЕЙІН ҮНДЕУ ЖАСАДЫ
Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі аяқталды. Үкім жарияланғаннан кейін ерлі-зайыпты блогерлер сотқа, прокуратураға және қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтып, көпшілікке үндеу жасады. Олардың бейнежазбасын адвокаты Гауһар Айтжанова жариялап, “сот процесі аяқталды” деп мәлімдеді, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Блогерлер өз сөздерінде жіберген қателіктерін мойындап, өзгелерді мұндай жағдайға ұрынбауға шақырды.
“Сотқа және қабылданған шешім үшін прокуратураға алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ бізге бейжай қарамай, қолдау көрсеткен, ықыласы мен жанашырлығын білдірген барлық отандастарымызға рақмет айтамыз. Туыстарымыз да сіздердің жылы тілектеріңізді жеткізіп отырды. Тіпті адвокатымыз Гауһар Алтынбекқызы да үнемі халықтың қолдауын айтып отырды. Біз өз қателігімізді түсіндік. Енді оны қайталамаңыздар. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз”, – деді Эльмира Төлегенова.
Ерболат Жанәбілов те өзіне қолдау білдірген оқырмандарға ризашылығын жеткізді.
“Барлық оқырманға және бізді қолдаған жандарға көп рақмет”, – деді ол.
Еске салайық, іс 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қарала бастаған. Блогерлер мен олардың қорғаушылары процесті жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Дегенмен БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға шектеу қойылды.
27 сәуір күні өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев жаңа жаза мерзімін сұрады. Прокурор Ерболат Жанәбіловке Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолданып, 2 жыл шартты жаза мен мүлкін тәркілеуді ұсынған. Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу және жазаны орындауды 2 жылға кейінге қалдыруды сұраған.
Іс материалдарында айыпталушылардың лицензиясыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқаны, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінгені көрсетілген.
Сот қорытындысында Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалса, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды.