Қазақстанда азаматтардың шамадан тыс қарызға батуын болдырмау үшін жаңа талап енгізу жоспарланып отыр. Енді несие алу мүмкіндігі адамның табысына тікелей байланысты болмақ, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ұлттық банк қарыз алушыларға қатысты жаңа көрсеткіш – қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТҚ) енгізуді көздеп отыр. Бұл талапқа сәйкес, адамның табысы жеткіліксіз болса, оған ірі көлемде несие берілмейді. Яғни табысы аз азаматқа шамадан тыс қарыз жүктеу тоқтатылады.
Мәселен, ай сайын 200 мың теңге табыс табатын адамға ондаған миллион теңге көлемінде несие рәсімдеу мүмкін болмайды. Реттеуші бұл арқылы банктердің де жауапкершілігін күшейтпек.
Жаңа жүйе осы жылдың жазында күшіне енуі мүмкін. Қазіргі таңда елде тек ай сайынғы төлемге негізделген қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) қолданылады. Ал енгізілетін ҚТҚ жалпы қарыз көлемін адамның жылдық табысымен салыстырып есептейді. Екі тәсіл қатар қолданылып, бірін-бірі толықтырады.
Реформа аясында бөліп төлеу жүйесіне де өзгеріс енгізілмек. Себебі қазір мұндай қарыздардың бір бөлігі ресми есепке ілінбей, азаматтардың нақты қаржылық жүктемесін бұрмалап көрсетеді. Алдағы уақытта бөліп төлеу арқылы алынған міндеттемелер де кредиттік бюро деректеріне енгізіліп, несие беру кезінде ескерілетін болады.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманың мақсаты – несиеге шектеу қою емес, халықты артық қарыздан қорғау. Яғни азаматтардың қаржылық жағдайын ескере отырып, жауапты несие беру жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр.