Жамбыл облысында өткен шығармашылық кеште сахнаны жасанды интеллект негізіндегі цифрлы жүргізуші тізгіндеді,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жамбыл облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Жамбыл Жабаев бүгін Instagram-да не туралы жазар еді?» атты ерекше байқау ұйымдастырды. Шара дәстүрлі рухани мұра мен заманауи технологияны ұштастыруды мақсат етті.
Байқаудың басты жаңалығы – «Темірбек» атты жасанды интеллект жүргізушінің қатысуы болды. Сонымен қатар кітап және робототехника көрмелері ұсынылып, Брайль қарпіндегі жаңа басылымның тұсауы кесілді. Көрермендерге дрон арқылы әуеде ақын бейнесі көрсетіліп, Жамбыл мен Құлмамбет айтысы жаңа форматта сахналанды.
Қорытындысында І орынды «Әлем» кәсіби білім беру колледжінің кітапханашысы Жақсымбетова Гүлсім иеленді. ІІ орын IT лицейінің оқушысы Бейсен Едігеге бұйырса, ІІІ орынды Үркумбаева Айгерім алды.
Сондай-ақ «Үздік визуал», «Юмор», «Әдеби сын», «Ой ұшқырлығы» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.