Алматыда экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі автокөліктерді сатып алып, оларды кәдеге жаратумен айналысатын арнайы компания құру жоспары қарастырылып жатыр, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұл бастама қала әкімі Дархан Сатыбалдының ведомствоаралық экология мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасынан кейін көтерілген. Жоба аясында қоршаған ортаға зияны көп, ескірген көліктерді жүйелі түрде жинап, қайта өңдеу көзделіп отыр.
Жоспарды Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырмақ. Негізгі мақсат – қаладағы автопаркті жаңартып, экологиялық ахуалды жақсарту.
Сонымен қатар, жаңа көлік алуды жеңілдету үшін тұрғындарға бірқатар қолдау тетіктері ұсынылуы мүмкін. Атап айтқанда, жеңілдетілген несие, лизинг және Trade-In бағдарламаларын енгізу қарастырылып жатыр. Жобаға отандық автокөлік өндірушілерін тарту да жоспарда бар.
Әкімдік өкілдері бұл бастама ескі көліктердің санын азайтып қана қоймай, Алматыдағы ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді деп отыр.