Алматыда бос уақытында сарбазды жұмысқа жегіп, күш қолданған офицер сотталды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Іс Алматы гарнизонындағы әскери сотта қаралған. Деректерге сүйенсек, офицер қарамағындағы сарбазға физикалық қысым көрсеткен. Оған қоса демалыс күндері жұмысқа жегіп, өз өкілеттілігін асыра пайдаланған.
Нәтижесінде оған Қылмыстық кодекстің 451-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол «аға лейтенант» әскери шенінен айырылды. Енді жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеп беру міндеттелді.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген материалдық әрі моральдық шығынды өтеуге дайын екенін айтты.