Алматыдағы саябақтардың бірінде бір топ жасөспірім қыздың тұрғындарға тиісіп, тас лақтырған видеосы әлеуметтік желіде кең тарады,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Желі қолданушысы жариялаған видеода оқиғаның 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ аумағында болғаны байқалады. Оның айтуынша, белгісіз жасөспірімдер еш себепсіз адамдарға шабуыл жасап, кейбірінің заттарын тартып алған. Сондай-ақ олар өтіп бара жатқан тұрғындарға тас лақтырып, су шашып, күш көрсеткен.
“Қала орталығында не болып жатыр? Неліктен бізге себепсіз тиіседі? Жұмысқа бара жатқан едім, үстіме су шашты. Басқа адамдарға да тас лақтырып, ұрып-соқты”, – деп жазды жазба авторы.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, бұл оқиға бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полиция өкілдері мұндай әрекеттерге заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті. Сонымен қатар тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда әдепсіздік танытуға, өзгелерге қауіп төндіретін әрекеттерге жол берілмейтінін ескертіп, азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.