Қазақстандағы бірқатар ақылы жол учаскелерінде жүргізушілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында лазерлік визуалды бағдарлау жүйесі орнатылып жатыр, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жоба ел аумағындағы 22 ақылы жол бөлігінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз және Орал – Ресей шекарасы бағыттары бар.
Жаңа жүйе түнгі уақытта және көріну нашарлаған сәттерде жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Лазерлік құрылғылар жол бойына жарық сызықтарын түсіріп, жүргізушілерге бағытты нақтырақ бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жылдамдықты сақтау, жолдан ауытқымау және шаршаған жүргізушінің назарын жоғалтпауына көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар ұзақ жолдарда ерекше тиімді. Себебі кей жағдайда дәстүрлі жол белгілері көрінбей қалуы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде лазерлік бағдарлау жүйелері жол апатын азайтуға ықпал ететіні айтылып жүр.