Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың бостандыққа шыққанын растады, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ведомствоның мәліметінше, ол сот үкімімен белгіленген жаза мерзімін толық өтеген соң босатылған.
«Сотталған азамат сот тағайындаған жазасын толық өтеп болуына байланысты бостандыққа жіберілді», делінген комитет хабарламасында.
Нұрасыл Болаттың аты 2023 жылдың ақпан айында кеңінен тараған еді. Сол кезде ол Алматыда адвокаттар Олег пен Анна Черновтарға қатысты жанжалға қатысы бар деп танылған болатын.
Кейін әскери сот оны бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін айыпты деп танып, айыппұл жазасын тағайындады. Алайда іс апелляциядан кейін қайта қаралып, оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Одан кейін пробация талаптарын бұзғаны үшін сот шешімі қайта өзгеріп, жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған. Нәтижесінде ол сот залында қамауға алынған еді.