Көшеден тауып алған шылымды тартамын деген қыз жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оқиға Петропавлда болған. Қалалық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, науқас бойынан әлсіздік байқап, басы айналған. Ол өзін жайсыз сезінген. Кейіннен оның көшеден табылған темекіні тартқаны анықталған.
Ақ халаттылардың сөзінше, қызға «анықталмаған заттардың уытты әсері», «мас болу синдромы» және «орташа деңгейдегі темір тапшылығы анемиясы» диагноздары қойылған.
Денсаулығының күрт нашарлауына байланысты оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Күндіз-түні бақылауға алған мамандар тиісті ем-дом шараларын жасаған. Төрт күннен кейін жалпы бөлімде ем алып, үйіне шығарылған.